Бір күні Жазушылар Одағында үлкен жиын болатын болып, жиналысқа келген ақын-жазушылар бір қатарда отырыпты. Жиынның басталар алдында залға Бауыржан Момышұлы кіреді.
Әдеттегідей ол кісі келсе жұрттың назары сол кісіге ауады ғой. Залдың орта тұсында ақын-жазушылар отырған қатарға жақын келіп, бір студентке;
— Мен кіммін?- деп, дауыстап сұрапты.
— Сіз Бауыржан Момышұлысыз,- деп жауап беріпті студент.
— Дұрыс айтпадың, мен кіммін?- деп, қайталап сұрапты.
— Сіз қазақтың аты аңызға айналған батыры, жазушысы Бауыржан Момышұлысыз,- деген судентке қарап дауыстап;
— Жооқ, сен дұрыс айтпадың, мен қазақтың аттақты ақыны Қалижан Бекқожинның ағасымын, — деген екен.
Сол кезде Қалижан Бекқожин орнынан ұшып тұрып,
— Ой, аға, айып меннен, мені кешіріңіз,- деп, құшағын жая ұмтылған екен. Сөйтіп, Бауыржан Момышұлы мен Қалижан Бекқожин екеуі құшақтасып, төс түйістіріп, қайта табысып, татуласыпты.