Бүгінде өскелең ұрпақты ұлтын сүйеуге, елін, жерін, ана тілін құрметтеуге тәрбиелеу қоғам алдында тұрған үлкен жауапкершілік. Бұл тек, ұстаздарға артылған міндет емес. Осы жайтты ескеріп, «JEBE» қоғамдық бірлестігі «Ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағы» атты кешенді жобасын қолға алған болатын.
Биыл, аталмыш жоба аясында аудан, қалаларды аралап, ұстаздар мен оқушылар арасында жастар тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді «Ой талқы» әдісімен талқылап, ортақ шешім шығаруды мақсат тұтып отырмыз.
Алғашқы болып жаңа жобаны Май ауданында сыннан өткіздік. Өңірдің әрбір ауылындағы білім ордаларының тәрбие ісіне жауапты ұстаздары мен үздік оқушылары бас қосты. Жастар тәрбиесі, ұлтжандылық төңірегінде ойларын ортаға тастады.
Май елінің жас ұрпағы өте талантты, көздерінде оты бар екен. Аудан дамуына қатысты бірталай өзекті мәселелерді сөз етті. Жан-жақты ойлап, саралай білетін, ойын ашық, айқын жеткізе алатын оқушыларды көріп, қуандық.
Шараның өтуіне қолдау көрсеткен, өзі де белсене қатысқан Май ауданының әкімі Ағыбай Әміринге алғыс білдіреміз.
Жобаның мақсаты жастар қауымын ұлтжандылыққа тәрбиелеу, өскелең ұрпақ тәрбиесіне қатысты негізгі мәселелерді анықтау, оқушыларға ой-пікірін еркін айтуға мүмкіндік беру, олардың ой-өрісін дамыту еді. Шара мақсатына жетті!
Бұл жобаны барлық аудан,қалада өткізуді жоспарлап отырмыз.Әр өңірде айтылған ұсыныстар мен тілектер, сын, ескертпелер ортақ бағдарлама ретінде жинақталады. Ол бойынша тиісті жұмыстар атқарылады.