Малдан бездік бейнеті белшеден деп,
Қойдық құдық қазуды жер шемен деп.
Жұмыс іздеп балаға сабыламыз,
Жаны тыныш отырар – кеңсе жөн деп.
Шұбат қайда білмейміз, қайда қымыз,
Ақ араққа айналды айранымыз.
Бала аузына алмайды ірімшікті –
Балды қосып қайнатып, май жағыңыз.
Орман етер өзге жұрт тақырды егеп,
Күлкі етеміз, жатпаймыз ақылды елеп.
Пысқырмаймыз өнер мен ғылымыңа –
Жастай басын баланың қатырма деп.
Айқай шықса, ән дейміз көңіл бұрып,
Күй «тартамыз», темірді темірге ұрып.
Атқа мінсек, мәңгілік түспейтіндей,
Жаяуларды жасқаймыз шегіндіріп.
Қозысы да өзгенің – кілең егіз,
Біздің қойдан егізді тілемеңіз.
Есесіне, кісімсіп өзді-өзіміз,
Бірімізге-біріміз шіренеміз.
Қарның тойса, қарқылдап күлкің ғажап,
Жалмап жұтып жатса да жұртыңды азап.
Қос кеменің құйрығын ұстаймын деп
Қайда барып тынасың, шіркін қазақ?!