— Ой, шырағым, оны кім санады дейсің?! Көп қой, көп. Жау қолында қалған Украина мен Белоруссия поселкелерінде мен өлтірмеген староста, мен өлтірмеген полицей, сатқындар қалған жоқ. Оның сыртында қаншама неміс фашистерін қырдық.
Қазір кей ақымақтар, сол кезде бекер жеңген екенбіз, олар бізді керемет өмірге жеткізетін еді дегенді айтып жүр ғой. Бұл — қате пікір. Фашизмнің нәсілдік қатігездігіндей қатігездік жоқ. Сондықтан ғой, олардан ана Англия, Америка сияқты алпауыт елдердің де қорыққаны. Олар Совет одағы жеңсе, біз де аман қаламыз деп ойлады. Сол үшін де олар бізге тегін қару-жарақ, киім-кешек, азық-түлік берді. Соның бәрін көзбен көрген біз білеміз. Ал бүгінгі бейбіт өмірде отырып айта салу оңай, және ағаттық.